Наурыз-жасампаздық пен жаңару мерекесі
Наурыз-жасампаздық пен жаңару мерекесі
Ұлыстың ұлық мерекесі 22 наурыз күні Қарабұйрат ауылында мектеп ұстаздарының ұйымдастыруымен «Бақ-берекем, құт-мерекем әз Наурыз!» атты ауыл тұрғындары мен мектеп ұжымының қатысуымен мерекелік бағдарлама ұйымдастырылып өткізілді. Мерекелік бағдарламаға 4 топ қатысып, «Таныстыру», «Ән», «Би», «Салт-дәстүр», «Дастархан мәзірі» кезеңдері бойынша өзара өнерлерін ортаға салды. Сонымен қатар сайысқа қатысушылар ұлттық ойындар мен спорт түрлерінен өз мүмкіндіктерін сарапқа салды. «Ұлағат», «Бірлік», «Ынтымақ», «Ардагерлер» топтары қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарынан сахналық қойылым көрсетіп, ән мен жырын төгілтіп, биін мың бұрала билеп, көрермен көпшіліктің көңілдерінен шықты. «Өңір салу», «Құда күту, құйрық-бауыр асату» сияқты салт-дәстүрлерді сән-салтанатымен көрсетті. Әсіресе ұстаздардың «Ұлағат» тобы көрсеткен «Өңір салу» дәстүрінің ұмытылып бара жатқан ұлтымыздың салт-дәстүрін қайта жаңғыртып, болашақ жастарға үлгі-өнеге болатындай тәрбиелік мәні зор болды. Сайысқа әділ қазылар алқасының төрешілері ақсақалдар алқасының мүшесі Аманжан Қазезұлы Дүйсембаев, әйелдер кеңесінің мүшелері Күлшат Серікқызы Омаргазина, Гүлфира Алпысбайқызы Смаилова төрелік етті. Сайыс қорытындысында Бас жүлдені «Бірлік» , І орынды «Ұлағат» ұстаздар тобы, ІІ орынды «Ынтымақ» тобы, ІІІ орынды «Ардагерлер» тобы иеленіп, ақшалай сыйлықтармен және алғыс хаттармен марапатталды. Жеңімпаздарға мектеп директоры Айгүл Смағұлқызы Рымбаева, кәсіподақ ұйымының жетекшісі Жанар Айдарханқызы Исаджанова, мектеп мұғалімдері Сағдат Қажымұқанқызы Шокатова, Еркежен Далелханова, Дәуіт Әмина, Райгүл Дүйсембаева қаржылай демеушілік көрсетті.Сайыстан соң мерекелік дастархан жайылып, жиналған қауым Наурыздың басты тағамы- наурыз көжеден дәм татты.
Мерекеден кейін ауыл сыртында ат жарыс пен тай жарыстары өтті. Жарысқа Барқытбел. Теректі, Тасбұлақ ауылдарынан қатысушылар келді. Ат жарысынан І орынды Барқытбел, ІІ орынды Теректі, ІІІ орынды Қарабұйрат ауылының шабандоздары иеленді. Қарабұйрат ауылының тұрғындары Солтан Мүсілім мен Жабелдосов Дулат жарысқа қаржылай демеушілік көрсетті.