Жылыжайдың дәмді қияры
Жылыжайдың дәмді қияры
Жас шыбықты қалай баптап күтсең бойы түзу өсіп, бұтақтары тарам-тарам боп мәуелі бәйтерекке айналады. Жас сәби де аяулы ана сүтінен нәр алып,өмірге қадам басады. Сәби шақтан балалық шаққа ауысып, «мектеп» атты білім бұлағынан нәр алады. Мектеп өміріне араласқан соң әр бала жеке тұлға болып қалыптасып, өзін-өзі тани бастайды. Ұлағатты ұстаздары арқылы қоршаған ортамен, яғни табиғатпен, оның сан түрлі құпиясымен танысып ұғымдарын тереңдете бастайды. Балалардың жан-жақты дамуы үшін мектепте барлық жағдай жасалған. Оқушылардың табиғатқа, өсімдікке деген құштарлығын арттыру мақсатында «Қарабұйрат орта мектеп-бақша» КММ- де шағын жылыжай өсірілген. Жылыжайда қызанақ,қияр,ашты бұрыш,тәтті бұрыш көкөністері отырғызылған. Жылыжайға мектебіміздің тәжірибелі, жоғарғы санатты, І деңгейлі, балалардың сүйікті ұстазына айналған биология пәні мұғалімі Шокатова Сағдат Қажымұқанқызы бас-көз боп отыр. Сағдат Қажымұқанқызы биология сабағында оқушыларға көкөністерді баптап,өсірудің қыр-сырын үйретеді. Әсіресе балаларға қыстың күні осы көкөністердің өнім беріп тұрғаны қызық боп көрінеді. Жылыжайдағы көкөністер жайқалып өсіп жемістерін беріп жатыр.Табиғатқа жақын баланың көңіл сарайы да кең болады.Сонымен қатар мектебімізге балалардың рухани дамуы үшін қажетті заттың бірі-музыкалық аппаратура еді.Бірнеше жылдар бойы осы аппаратураны алудың сәті түспеп еді. Мектебімізге жаңадан басшы боп келген мектеп басшысы Айгүл Рымбаева алғашқы қоңырау мерекесінен кейін –ақ «Мектепте музыкалық аппаратураның жетіспей тұрғаны- ай » деген ойға қалып еді. Содан көп ұзамай мектеп басшысы өзі демеуші боп бастап, педагогикалық ұжымға ой тастап, ауыл халқына ұсыныс жасады. Мектепке расында да балалардың рухани дамып өсуіне , сахна мәдениетін меңгеруге қажет-ақ нәрсе. Ауыл халқы да бір кісідей жұмылып өз еріктерімен демеушілік көрсетіп кірісіп кетті. Нәтижесінде үлкен музыкалық аппаратура сатып алдық. Оқушылар мен ата-аналардың қуанышында шек жоқ. Қазіргі таңда мектепте өтетін түрлі мәдени іс-шараларға оқушыларымыз қолдарына микрофон ұстап, жанды дауыста әндерін әуелете шырқап үлкен дайындықпен келеді. Шағын да болсын осы бір іс ауыл халқының береке-бірлігінің арқасында жүзеге асты. «Көп түкірсе-көл» деген осы. Асқаралы ақ қарға оранған тау бөктерінде орналасқан ауасы тұнық, халқы дархан, қоңырқай тірлік кешіп жатқан шағын ғана Қарабұйрат ауылында осындай кішкентай ғана болса да игілікті шаралар атқарылып жатыр. Береке басы-бірлікте!